ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫНА ТӨНГЕН ҚАУІП
Қазақ халқы өз алдына ел атанып, танылғалы бері дінге бөлінбеген және бір ғана дәстүрлі ислам дінін ұстанып келеді. Ал ислам діні өз тамырын қазақ жеріне ертеден жайған және оның өміршеңдігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табуда. Адамзат тарихына көз жүгіртер болсақ діннің орны ерекше екендігін көреміз. Адам баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша мақлуқаттың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы Әлемнің Иесі алдында жауапты екендігін, сонымен бірге, адамның өзі сол Әлемнің бір зәредей ғана бөлшегі екендігін сезіндіретін – дін. Бұл адамзат қоғамының діннен тыс өмір сүре алмайтындығын көрсетеді. Өйткені, дін қоғамның басты реттеуші құралы болуымен қатар, оның мәдениеті мен өмір сүру салтының басты қайнары болып табылады. Сондықтан кез-келген халықтың рухани, мәдени болмысы дінмен тығыз байланысты және діннен тыс мәдениет болуы мүмкін емес. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің шешуші рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын басты фактор екендігін көрсетеді [1].
Бұл күнде қоғамның басым көпшілігі дінге сенсе де, сол дінді толық жете шынайы түрде танып біле бермейді. Себебі біз кешегі атеизм тәрбиесінен шықтық, оның үстіне елдегі білім беру жүйесінде дінтану сабақтары ескерілмеуі тағы бар. Сондықтан, рухани иммунитеті әлсіз бауырларымызды кейбір мысықтілеулер өз қатарына тартып, олардың басын қатырып, өзге діннің сана-сезімін құяды. Өз кезегінде бауырларымыз басқа дінге енген соң, мүлде өзгеріп, мүлде басқаша менталитеттегі адамдарға айналады.
Біз рухани салада біршама ағаттықтар жіберіп алғанымызды мойындауымыз керек. Еліміз тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары билік тізгінін ұстаған азаматтардың басым көпшілігінде материалисттік көзқарас үстем болды. Олардың дені бұрынғы коммунизм идеясынан шыққандар еді. Барлық ресурстар экономиканың проблемаларын шешуге жұмсалды. Мүмкiн, сол жылдары солай жасау қажет болған да шығар. Аталған кезеңде өкінішке қарай руханиятқа толыққанды көңiл бөлiнген жоқ [2]. Осының салдарынан бүгінде Қазақстанда 40-тан аса конфессия мен 4000–ға жуық діни бірлестіктер заң жүзінде тіркеліп, жұмыс істейді. Оның сыртында кейбір үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар бар, олардың біршамасы аты басқа болғанымен, діни сипаттағы іс-әрекеттермен де шұғылдануда.
Бар қазақты бауырындай санайтын халқымыз екі кісі таныса кетсе, ең бірінші бір-бірінен қай жүзге немесе қай руға жататынын сұрайтын. Ал, қазіргі кезде бұл сұрақтардың орны ауысып бара жатыр десек болады. Осы күні кейбір кісілермен дін жайында әңгімеге келе қалсаңыз, онда «сіз қай дінненсіз?» немесе «қандай жамағаттансыз?» деген сұрақты естуіңіз ғажап емес. Әсіресе осы сұрақтың қолдалынуы күн өткен сайын жиілеп, құлағымыз үйреніп келе жатыр. Өзге ұйымдарға еріп, өз отбасынан бас тартып, қоғамдық өмір сүру қалыбын бұзып жатқандардың қатары көбеймесе, сиреген жоқ. Тіпті кейбір азаматтарымыздың елімізді кәпірлер еліне санап, өзге мұсылман елдеріне көшіп жатқаны тағы бар. Бұл құбылыс ұлттығымыздың арасында қазірдің өзінде жік түсіп, өзді-өзін бөтенси бастағанын көрсетеді.
Дәстүрлі емес діни нанымдар – ұлт арасындағы дәнекершi күш болып табылатын дәстүрлі дiнiмiз бен руханиятымызды бөлу арқылы ұлттың арасындағы бiрлiктi әлсiретуде. Қазiр бір ғана қазақ халқының арасында дiнге бөлiнушiлiк көбейiп кеттi. Бiр жанұяда бiрнеше дiнді қабылдаған сұмдық жағдайлар ұшырасуда. Бұлардың саны азайып жатқан жоқ, тұрақты деңгейін сақтауда яки ақырындап алға жылжуда. Ілгеріде осы дiни бөлінушіліктен туындаған қақтығыстардың болуы әбден мүмкiн. Оны саяси саламен сабақтастыратын болсақ, олар Қазақстанның саяси жағдайына да ықпал етуi ықтимал.
Шаңырақты шайқалтудың бір амалы
Өзге діннің жетегіне еріп, өзін-өзі жоғалтқандардың қайта оралып, қатарымызға қосылуы екіталай. Бұл біздің келешекте ұлт болып, тарихта қалу тұрғысындағы ұлы мұратымыздың жүзеге асуына күдік тағызады. Шынында өзге діни ағымдарға кірген бауырларымыз дәстүрлі дінімізді, сан ғасыр бойы қалыптасқан салт-санамызды, ұлттық менталитетімізді ескінің қалдығы санауы, мойындамауы біраз жайттан хабар береді. Дінін сатқан адам, ертең елін де сатады. Ал дінін ауыстырғандар ертең ұлтын да ауыстырды. Онсыз да халқының саны аз мемлекет үшін сан дінге бөліну неге апарып соқтыратыны белгісіз. Адамды адастырушы діндерге кірген кейбір қандастарымыз, өз отбасының ойранын шығарып, ата-анасы, бауырлары мен басқаша қатынас жасап, өз сенімін насихаттап және өз көзқарасына өз жақындарын да мәжбүрлеуде. Өзімшілдікке бой алдырғандар өз үйін, жеке мүлкін сатып, отбасылық өмірден (ата-ана, бала-шаға, туыстары) бас тартып адамды көрсоқырлыққа итермелейтін діни-нанымдардың соңына еріп, өзгелердің қол шоқпарына айналуда. Бұл дәстүрлі отбасылық өмірді өзгерту. Мұндай діни көзқарастары алуан түрлі жандардың ешқашан бір шаңырақтың астында береке-бірлікте өмір сүре алмайтындығын көріп отырмыз. Отбасы дегеніміз кішігірім бір мемлекетке жатады. Демек бұл бүтін бір ұлттың шаңырағын шайқалту амалдары.
Тарихта әрбір ұлттың ұлт болып қалыптасуына діннің маңызды рөл атқаратыны дәлелденген. Діндер мен ағымдар арасындағы айырмашылылықтар әрбір халықтың өзінің қайталанбас мәдениеті мен салт-дәстүрлік ерекшеліктерін қалыптастырады. Өзінің дәстүрлі дінінен бас тартып, өзге дінді қабылдау кез-келген халық үшін қауіпті қадам болып табылады. Өйткені, дінін өзгертіп, жаңа дінді қабылдаған халық өзінің дәстүрлі мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін құрбандыққа шалып, жаңа қабылдаған діннің талабына сай құрбандыққа шалып, жаңа қабылдаған діннің талабына сай келетін мәдениет пен әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қайта қалыптастыруға мәжбүр болады [3]. Зерттеушілер діни сана сезімнің бауырмалдық, нәсілшілдік, патриоттық сияқты басқа да сезімдерден жоғары тұратынын айтады. Бір діннен екінші дінге ауысқан адамның діни сенімімен қоса, өз тума мәдениетін ауыстыратыны белгілі. Кейбір діни ұйымдардың мақсаты мемлекет заңдарын сыйламаушылық, қоғамдық әдеп қағидалары мен ұлттық дәстүрге немқұрайлылық, жеккөрушілік, жоққа шығару сонымен қатар ұлт, тіл тұтастығына нұқсан келтіруі мүмкін. Мұндай ұйымдар «біз адамды тура жолға салып, шынайы құдайлық өмірге жеткізушіміз, парызымызды өтеп жүрміз (өзінің діни сенімі бойынша)…» деп түсіндіреді. Бұл ұйымдар қоғамдық әдеп қағидаларын өздерінше түсінеді және халықтың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін сырттай құрметтегендей көрінгенімен, шын мәнінде жоққа щығарады, яғни ой мүдделерін жасырын ұстайды. Мақсаттары – діни сенімдеріне кіргізу.
«Қамқоршы миссионер» кімге қызмет етеді?
Сырттан келген миссионерлер – көбінесе батыстық христиан бағытындағы ағымдар. Олар өздерін көбіне «Қыдыр» сияқты жарылқағыш, әркімге қол ұшын бергіш, қамқоршы кейпінде көрсетіп, қоғамнан жақтастар жинайды. Миссионерлердің мақсаты айқын, қадамы нық, істері барлығымызға мәлім. Бірақ миссионерлер ішкі ниетінің қандай және кімге қызмет ететіндігін көрсетпейді. Әйткенмен де олардың қам-қарекеттерінен оны да анықтауға болады.
Қазақстан – жер асты һәм жер үсті байлықтарға толы мемлекет. Біздің жерімізге, табиғи байлығымызға қызыққан кейбір сырт мемлекеттер рухани бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетімізді іштей ірітуді көздейді. Бұл орайда: «Олар (миссионерлер) келген кезде қолдарында Інжіл бар еді, ал біздің қолымызда алтын болған. Қазір біздің қолымызда Інжіл бар, ал олардың қолында алтын бар», – деген африкалық бір тарихшының сөзі ойға оралады.
Миссионерлер – біздің ішімізге еніп жатқан жұқпалы індет. Сырттан енген індетке қарсы иммунитет күшті болмаса, адам оған қарсы тұра алмайды. Сырттан енген осындай індетке қарсы бірден бір шебі – дәстүрлі ислам діні. Сол себепті де миссионерлер ең бірінші ислам дінін ақсатуды көздеп жүр.
ХХІ ғасырда экстремизм, терроризм неге көбейіп кетті? Исламға айып тағушылар неге жиіледі? Мұның бәрі дінді бұрмалаудың, теріс пайымдаулардың кесірі [4]. Миссионерлер ислам дініне, мәдениетіне, білімі мен танымына қатысты жалған идеялар ойлап тауып, қарапайым жұртшылыққа жеккөрінішті етіп көрсетеді. Сонымен қатар ислам дінін қазақтардың қабілеті мен санасын сал қылатын механизм ретінде көрсетуді ұмытпайды. Мұсылман елдеріндегі келеңсіз артта қалушылықтарды ислам дініне негіздейді. Сөйтіп бізді ең басты құндылығымыз – мемлекетіміздің негізгі рухани бірлігін ұстап тұрушы дәстүрлі ислам дініне қайтсе де қарсы қоюға үгіттеу. Дәстүрлі ислам дінінің қоғамдағы беделін түсіруге түрлі әдіс-айла табуға тырысады [5].
Күрмеуі қиын мәселе – құр пікірді қажет етпейді
Шын мәнінде бiздегі дiни жағдай өте күрделi екендігі бірнеше жылдан бері айтылып келе жатыр. Дегенмен де дін төңірегінде көтерілген мәселелердің басым көпшілігі құр пікір күйінде қалып, уақыт өте ұмытылып кетіп жатыр. Бiздiң елiмiзге келетiн қауiп ашаршылықтан, кедейлiктен, жұмыссыздықтан емес, дінге бөлінушіліктен, рухани құлдыраушылықтан болмақ. Бiз үшiн ең үлкен қауiп – халықтың тұтастығының бұзылып, ұлттық бiрлiктiң әлсiреуi. Егер дiнге бөлiнетiн болсақ, тiлге бөлiнетiн болсақ, онда ұлттық ыдырау процесiне душар боламыз. Ұлттың ыдырауы – мемлкеттiң ыдырауы. Ал қазіргі жағдайға үңілсек, миссионерлер iшi-бауырымызға кiрiп алған. Оған дәлел: қазірдің өзінде он мыңдаған қазақ басқа дiндерге өтiп кеткен. Бiр адамды қайтып мұсылманға айналдыру үшiн сол адаммен бiрнеше жыл жұмыс iстеу керек. Ал, онымен кiм жұмыс iстейдi? Онымен арнайы бiрнеше жыл жұмыс iстеген күннің өзінде ол мұсылман бола ма? Өкініштісі… оған да толық кепiлдiк жоқ. Аты-жөнi, түрі қазақ, бiрақ дiнi, ішкі жан дүниесі христиан, кришна, буддист болған азаматтарымыздың ертеңгі тағдыры қалай болмақ? [6]
Батыс елдерiнде дiн сабақтары мектеп бағдарламаларына баяғыда енгiзiлген. Бiз болсақ елiмiз зайырлы деп, исламдық фундаментализм пайда болады деп, дiн ғылымдарын үйрету және зерттеу жағынан самарқаулық танытып келемiз. Егер мектеп оқушыларына, студенттерге үйретпесек, оларға дiндi үйрететiн басқа топтар мен ұйымдар күдiксiз табылады. Біздің қазіргі осал тұсымыз да осы. Бұған қоса, көптеген азаматтарымыздың басқа дiндерге кетуi салдарынан елдiң берекесi кетіп, шаңырағы шайқалады. Бұдан шығатыны, сөз жоқ, мемлекет бүгін дін мәселесімен айналыспаса, ертең сол дін мәселесі мемлекеттің өзімен айналысатын болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. З. Жандарбек, Иасауи жолы және қазақ қоғамы. Алматы «Ел-шежіре» 2006.
2. Бұлұтай М., Әлемдік тұтастану / «Жас Алаш» газеті, №58, 16.05.2002ж.
3. З. Жандарбек, Иасауи жолы және қазақ қоғамы. Алматы «Ел-шежіре» 2006.
4. ПАРҚҰЛҰЛЫ А., Мәдениеттер және діндердің халықаралық орталығы директоры: Орнықты заң ғана қауіпті сейілтеді / «Нұр-Астана» газет №121, 27.11.2008ж.
5. Д. Кенжетай, Діни таным дегеніміз не? // «Иасауи жолы» журналы, №4 (2) 2005 ж. – 71-бет.
6. Бұлұтай М., Дін және ұлт. Алматы 2006.
Абдраманов Ж.С.
Мемлекет тарихы мен теориясын зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері